ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙЛЫҚ ШАРУАЛАР ҚЫСТА ҚЫРЫҚҚАБАТ ЕГІП ЖАТЫР
Еліміздің бірқатар аймақтарында қыс қытымырланып, жерді қар басқан шақта Түркістан облысының Жетісай ауданда еңбекқор дихандары егістік алқаптарына шығып, қырыққабат отырғызу жұмыстарын бастап кетті. Бұл – өңірдің аграрлық әлеуеті мен шаруалардың тынымсыз тірлігінің айқын көрінісі.
Диханшылықты адал кәсіп етіп, несібесін маңдай терімен Жер-Анадан алып жүрген шаруалардың бірі – Атамекен ауылдық округінде орналасқан «Қоңырбай» шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Қауалов. Ес білгелі егістіктің қыр-сырын меңгеріп өскен азамат биыл иелігіндегі 3 гектар жерге қырыққабаттың «Зариссима» сортынан 100 мың дана көшет отырғызуды бастады.
Соңғы төрт жылда тамшылатып суғару технологиясын қолданып келе жатқан шаруа былтыр 120 тонна өнім алып, оны Ресей нарығына келісін 120 теңгеден өткізген. 55 күнде пісіп жетілетін бұл сорттың көшеттері диханның үйіргелік жеріндегі жылыжайда өсірілген. Жылдағы дәстүр бойынша қырыққабаттан кейін екінші өнім ретінде маш дақылын егуді, гектарынан 1,5 тоннадан өнім алуды жоспарлауда.
Өткен жылы аталмыш ауылдық округінің 270 гектар жеріне қырыққабат егілсе, биыл бұл көрсеткіш 300 гектарға жетеді деп күтілуде. Ал былтыр 195 гектар алқапқа енгізілген тамшылатып суғару технологиясы биыл 250 гектар жерге қолданылмақ.
Айта кетсек, өткен жылы аудан бойынша 1,2 мың гектар алқапқа егілген зариссима, фарао, кевин, магнус сынды қырыққабат сорттарынан 41 615 тонна өнім жиналып, Ресей, Беларусь елдерімен қатар ішкі нарықта Солтүстік Қазақстан облысы, Шымкент, Алматы мен Астана қалаларына жөнелтілген. Былтыр 893 гектар қырыққабат алқабына су үнемдеу технологиялары орнатылса, биыл 1,8 мың гектарға егілуі жоспарланған қырыққабаттың 1,5 мың гектарына заманауи әдісті енгізу көзделіп отыр. Ауа-райының қолайлы сәтін тиімді пайдаланған шаруалар бүгінгі күнге дейін 144 гектар жерге қырыққабат дақылын егіп үлгерген.
Добавить комментарий