Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістан Ислам Республикасына жасаған мемлекеттік сапары аясында Исламабад қаласында әл-Фараби, Қаныш Сәтпаев және Қожа Ахмет Ясауи атындағы мәдени-білім беру орталықтарының, сондай-ақ «Достық» спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті.
«Орталық Азия ислам білімі, мәдениеті және өркениетіне бағытталған Ясауи зерттеу орталығы» Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Исламабад Халықаралық ислам университеті арасындағы келісім негізінде ашылды.
Аталған бастама қыркүйек айында Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі аясында қол қойылған меморандумның нәтижесінде жүзеге асырылды. Келісімге Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова мен Исламабад Халықаралық ислам университетінің Президенті, профессор, доктор Ахмед Шуджа Сед қол қойған болатын.
Меморандум аясында екі университет бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, зерттеу материалдарымен алмасу, білім беру бағдарламалары мен оқыту стратегияларын әзірлеу, сондай-ақ халықаралық конференциялар мен лекциялық семинарлар ұйымдастыру бағытында жүйелі ынтымақтастық орнатты.
Исламабад Халықаралық ислам университетінің базасында Орталық Азия ислам білімі, мәдениеті және өркениетіне бағытталған Ясауи зерттеу орталығын құру — қос университеттің ортақ ғылыми жобасы ретінде жүзеге асырылып отыр.
Орталықтың ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Пәкістан Ислам Республикасының Федералды білім және кәсіби даярлау министрі Халид Макбул Сиддики, оқу орнымыздың ректоры Жанар Темірбекова бастаған делегация, сондай-ақ Исламабад Халықаралық ислам университетінің басшылығы мен екі елдің ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.
Салтанатты іс-шара аясында лентаны қию және естелік тақтаны ашу рәсімі өтіп, қасиетті Құран аяттары оқылды. Сонымен қатар жаңа ғылыми орталықтың ресми таныстырылымы ұйымдастырылып, тараптардың ректорлары мен министрлері құттықтау сөз сөйледі.
Айта кетейік, бұл бастаманың негізгі инициаторлары — Қазақстан Республикасының Пәкістандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Қыстафин мен Исламабад Халықаралық ислам университетінің Ғылыми-зерттеу институтын ұзақ жылдар бойы басқарған профессор, доктор Мұхаммед Зия.
Орталықтың басты мақсаты — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес білім беру саласындағы әріптестікті нығайту, академиялық қауымдастықтар арасындағы өзара байланысты кеңейту және теология саласындағы бірлескен бастамаларды қолдау.
Ясауи ғылыми-зерттеу орталығы Орталық және Оңтүстік Азияны, түркі және үнді-парсы ислам дәстүрін, классикалық сопылық пен заманауи исламтануды тоғыстыратын жаңа интеллектуалдық алаңға айналмақ.
Сонымен қатар орталық Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ағылшын, урду және араб тілдерінде насихаттауға, ғылымға негізделген ислам моделін ілгерілетуге және халықтар арасындағы рухани байланысты нығайтуға қызмет етеді.
Алдағы уақытта университет ғалымдары Пәкістанға барып, ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асырады. Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының өкілдері, факультет декандары мен профессорлар өзара ғылыми байланыстарды күшейтеді. Сонымен қатар пәкістандық әріптестер Түркістан қаласына келіп, дәрістер оқып, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Сондай-ақ жыл соңына дейін Исламабад қаласында Қожа Ахмет Ясауи мұрасын кешенді зерттеуге арналған халықаралық ғылыми конференция өткізу жоспарланып отыр.
Добавить комментарий