
Бүгін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Тараз қаласында кең көлемді сенбілік өтті. Бөлініске сәйкес, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына 13-мөлтек ауданындағы №36, 37, 39, 41, 42-үйлердің маңындағы көшелерді тазалау міндеттелген болатын.
Аталған аумақта басқарманың 15 қызметкері қатысқан сенбілік барысында су ағатын арықтар қоқыстан тазартылып, ретке келтірілді. Қалдықтарды сыртқа шығару үшін арнайы жүк көлігі тартылды.
Шара барысында айнала тазарып, көркейе түскенін көрген жергілікті тұрғындар шығып, алғыстарын білдіріп жатты. Бұл өз кезегінде қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара түсіністік пен қолдаудың көрінісі болды.
Іс-шара басқарма басшысының орынбасары Үрістенов Медет Әбдімашұлының жетекшілігімен өтті. Сенбіліктің басты мақсаты – өскелең ұрпаққа қоршаған ортаның тазалығын сақтаудың маңыздылығын түсіндіру және оларды еңбекке баулу.
Мұндай шаралар экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоғамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-tabigat/press/news/details/1048012?lang=kk
Добавить комментарий