
Бүгін Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек ауылдық округтер бойынша халық алдындағы есеп беру кездесуін Ақай ауылынан бастады.
Кездесу алдында аудан басшысы Ақай ауылында құрылысы жүріп жатқан жаңа ауылдық әкімдік ғимаратының құрылысымен танысып, жұмыс барысын көзбен көрді.
Мұнан соң, есеп беру кездесуінде алдымен Ақай ауылдық округінің әкімі Батыржан Тұрғанов сөз алып, 2025 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Бүгінде округ бойынша жалпы ұзындығы 31,42 шақырымды құрайтын 39 көше бар. Оның 16-сы асфальтталған, 21-і топырақ жол, бір көше қиыршық тасты, ал біреуіне қатты жамылғымен төселген. Ауыл көшелерінің 36-сы жарықтандырылған, бұл жалпы көрсеткіштің 99,9 пайызын құрайды. Сонымен қатар, ауыз су құбырларының ұзындығы 39 944 метрді құрап отыр.
Келесі кезекте аудан әкімі Жандос Еркінбек ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, алдағы жоспарлар мен нақты мақсаттар жөнінде баяндама жасады.
Ауылішілік жол мәселесін шешу мақсатында 21 көшеге қиыршық тас төсеу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, тиісті сараптамадан өтті. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытында «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында мал шаруашылығы, қызмет көрсету және өндірістік бағыттар бойынша ауыл тұрғындары тарапынан 12 жоба ұсынылып, олардың басым көпшілігі қайтарымсыз грант иеленген.
Кездесу соңында тұрғындар өз сауалдарын қойып, көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімі тарапынан нақты жауаптар алды.
Айта кету керек, ауылдағы өзекті мәселелердің бірі – аяқ сумен қамтамасыз ету де назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі уақытта округ аумағында 8,5 шақырым аяқ су құбыры жүргізіліп, нәтижесінде 21 көше мен 314 тұрғын үй аяқ сумен қамтамасыз етілген. Бұл бағытта 6 миллион 670 мың теңгеден астам қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу нәтижесінде мердігер анықталған. Сонымен қатар, Ақай ауылдық округінде тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында 5 дана аялдама орналастыру жұмыстары жүргізілуде.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1039811?lang=kk

Добавить комментарий