
Шардара ауданы, Түркістан облысы — Шардара ауданында көне дәуірлердің куәсі іспетті тарихи орындар көп. Солардың бірі — Қоссейіт ауылдық округі аумағында орналасқан Сейіттөбе қалашығы. Археологиялық маңызы зор бұл ескерткіш қазіргі таңда толыққанды зерттелмегенімен, тарихи және мәдени тұрғыдан аса құнды нысан болып саналады.
Сейіттөбе — ежелгі қалашық орны. Алғаш рет 1950 жылы атақты археолог А.Н. Бернштам басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының құрамында зерттелген. Қазба жұмыстары барысында қалашық аумағынан кірпіштен қаланған дуалдар, тұрмыстық керамика бұйымдары, дәнді-дақыл сақтайтын ыдыстар және өрнектелген керамикалар табылған. Бұл табылған заттар қалашықтың көне дәуірдегі өмір салты туралы мол мәлімет береді.
Сейіттөбе туралы деректер 1994 жылы жарық көрген «Қазақстандағы тарих және мәдениет ескерткіштері жинағы (Оңтүстік Қазақстан облысы)» атты еңбекте де қамтылған. Онда қалашықтың құрылымы, көлемі және мәдени қабаттарының ерекшеліктері нақты көрсетілген.
Бүгінде бұл тарихи нысан тұрмыстық мақсатта пайдаланылып, XX ғасырдың ортасынан бастап, тіпті 1930 жылдардан бері мазарат ретінде қолданылып келеді. Аталған жағдай қалашықтың тарихи құндылығына нұқсан келтіруі мүмкін. Осыған байланысты, Сейіттөбе қалашығын ресми түрде тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына енгізу, оны қорғау және қайта зерттеу мәселесі күн тәртібінде тұр.
Шардара ауданы әкімдігі тарихи мұраларды сақтау мен оларды ғылыми тұрғыда зерделеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуді көздеп отыр. Бұл тек тарихты танып-білу ғана емес, сонымен қатар өңірдегі туризмді дамытуға да зор мүмкіндік береді. Сейіттөбе сияқты нысандар отандық және шетелдік зерттеушілер үшін қызығушылық тудыратыны анық.
Қазіргі уақытта аудан көлеміндегі тарихи орындар қайта түгенделіп, олардың тарихи-мәдени маңызы облыстық деңгейде анықталу үстінде. Алдағы жылдары Сейіттөбе қалашығына қатысты толыққанды археологиялық зерттеулер жүргізіліп, ғылыми еңбектер мен монографиялар әзірлеу жоспарланып отыр.
Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1038580?lang=kk
Добавить комментарий