ШАРДАРА АУДАНЫНДА VII–VIII ҒАСЫРЛАРҒА ТИЕСІЛІ БАЛБАЛ ТАС ТАБЫЛДЫ

Опубликовано:

Автор:

в категории
Шардара ауданы, Шардара қаласы аумағындағы «Ақтөбе қорымы» тарихи нысанынан VII–VIII ғасырларға тиесілі балбал тас табылды. Құнды артефакт кездейсоқ жағдайда, аталған тарихи орынмен іргелес орналасқан шаруа қожалығы аумағынан анықталған.
Тарихи тас мүсіннің салмағы — 46 келі, ұзындығы мен биіктігі — 69 см, орташа ені — 26 см, ал бүйірінің орташа көлемі — 13 см. Артефакт белгісіз тастан, шебер қолымен қашалып жасалған. Басына бейнеленген бас киімі, бет әлпетінің нақты көрінісі мен кеудесіне ойылып салынған сүйір төртбұрышты таңба оның ерекше тарихи-мәдени маңызын арттыра түседі.
Ғылыми қауымдастық өкілдері бұл тас мүсінді түркі дәуіріндегі әскери қолбасшыға немесе тайпа, ру басына арналған белгі ретінде қарастырып отыр. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Бауыржан Әбішұлы Байтанаев артефактты біздің заманымыздың VII–VIII ғасырларына жататын құнды жәдігер ретінде бағалауда.
Сонымен қатар, белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев бұл мүсінді VI–X ғасырлар аралығындағы тарихи кезеңге жататын аса құнды археологиялық олжа деп атап өтті.
Айта кету керек, «Қазақстандағы тарих және мәдениет ескерткіштері жинағы. Оңтүстік Қазақстан» атты 1994 жылы Алматыда жарық көрген басылымда да «Ақтөбе қорымы» тарихи нысанының маңыздылығы туралы деректер келтірілген. Бұл қорымды алғаш рет 1958 жылы археолог А.Г. Максимова ашып, 1959–1963 жылдары қазба жұмыстары жүргізілген.
Шебердің қолымен жасалған бұл балбал тас — авторы белгісіз, бірақ тарихи және мәдени маңызы жоғары өнер туындысы болып саналады.
Аудан аумағынан табылған бұл жәдігер — өлкеміздің терең тарихынан сыр шертетін құнды мәдени мұра. Арнайы ғылыми зерттеулер мен сараптамалардан кейін бұл тас мүсіннің толық тарихи мәні айқындалып, тиісті қорғау шаралары жүргізілетін болады.
Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі
 
 
 
 
 
 

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1036906?lang=kk


Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *