40 жылға жуық тер төккен құтқарушы

Опубликовано:

Автор:

в категории

Отан қорғаушылар күніне орай

Сыр құтқарушысының бейнесі

40 жылға жуық тер төккен құтқарушы 

          Өңірдегі азаматтық қорғау саласында ұзақ жылдар бойы табан аудармай жұмыс жасау – күш-қуат, қажыр, кәсіби біліктілікті, төзімділікті, сабырлылықты, іскерлікті, ұйымдастырушылықты, коммуникацияшыл болуды қажет ететіні белгілі. Осындай азаматтың бірегейі – Ембергенов Бақыт Сағынбекұлы деп ауыз толтырып айтуға әбден  болады.

          Кері шегініс жасасақ, ол 1966 жылы 29 наурызда Шиелі кентінде дүниеге келген. 1973-83 жылы «14 лет октября» мектебінде жалпы орта білім алды. 1983-86 жылы КСРО ІІМ Алматы өрт-техникалық училищесінде оқыған. Еңбек жолын 1986 жылы Жалағаш ауданында өрт сөндіру күзетінің инспекциясының инспекторы болып бастаған. 1987-91 жылы КСРО ІІМ жоғары инженерлік өрт-техникалық мектебінің Ташкент факультетінің тыңдаушысы болды. Одан соң ол өңірдегі өрттен қорғау, өрт қауіпсіздігі саласын насихаттау саласында түрлі лауазымдарда 25 жылға жуық еңбек етіп,  2008 жылы абыроймен құрметті зейнет демалысына шықты.

          Алайда, зейнет демалысында да көп жата қоймады, саланың қоғамдық іс-шараларына атсалысты. 2012 жылы ҚР ТЖМ «Оңтүстік өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағы» мекемесінің басшысы болды. Бүгінде аталмыш құтқару саласында да тер төгуде, яғни Қызылорда облысы ТЖД Жедел құтқару жасағының басшысы-құтқарушысы. Атқарған еңбегіне сай бірнеше медальдармен және алғыс хаттармен марапатталған.

          Ембергенов Бақыт Сағынбекұлы отбасында да берекелі жанұяның отағасы. Жұбайы Индира Әнуарбекеқызы екеуі тәрбиелеген балалары мен немерелерінің қызығын тең отырып, көріп отырған әулеттің асқар тау әкесі. Бақыт Сағынбекұлының айтуынша, «қолының бос кезі бола бермейді әрине, дегенмен, демалыс уақыттарында отбасына арнағанды, саяхаттағанды жаны сүйеді екен.».

          Өрт сөндіру саласына 25 жылын, құтқару саласына 14 жылдан астам уақытын арнаған кәнігі құтқарушының өмірлік кредолары: «Біреуге зияның тимей өмір кешуден артық бақыт жоқ». «Алғыс алатын мамандықтың иесі болуым – мені жігерлендіреді». «Азаматтық қорғау саласында еңбек еткен маман болғандықтан түрлі оқиғаларды көз көрді, түрлі жағдайларды жүректен өткіздік. Онымен қоймай, өзің де адам өмірін құтқару мен қоғам мүлкін қорғауға жан аямай, қақаған қыс, аптап жаз демей, күн-түн демей атсалысасың. Әрине бұның бәріне біліктілікпен бірге, адамгершілік, сабырлылық, стреске төзімділік қасиеттер де  керек-ақ.»,-деп атап өтті ол.

          Өңірдегі қауырт қызметтің тарихында 40 жылға жуық тер төгу екінің бірінің маңдайына жазылмаған жауапты жұмыс, қоғамның сенімін, көптің тілегі мен алғысын арқалаудан ауыр жүк те жоқ шығар.

           «Осындай салада табан аудармай тер төгу үшін мықты жігер, кәсіби шеберлік, біліктілік, төзімділік, әріптестердің сенімі, отбасының қолдауы маңызды»,-деді ол әңгіме барысында.

          Иә, Бақыт Сағынбекұлын келе жатқан Отан қорғаушылар күнімен құттықтай отыра, зор денсаулық, отбасына амандық тілейміз.

Айгүл Асылқызы

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-kyzylorda/press/news/details/989929?lang=kk


Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Exit mobile version