Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға баса назар аударылған болатын. Осы тапсырма аясында Үкімет теміржол және авиация салаларындағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бұл игі бастаманың аясында бүгінде Қызылорда облысындағы бірнеше теміржол вокзалын жаңарту жұмыстары қолға алынып, өңірлік көлік қатынасы сапалы деңгейге көтерілмек.
Атап айтқанда, Жаңақорған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қазалы, Арал теңізі және Сексеуіл станцияларындағы 7 теміржол вокзалына, сондай-ақ Жалағаш пен Тереңөзек кенттеріндегі қызмет көрсету пунктеріне күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бұл нысандарды жаңартуға еліміздің құрылыс саласында тәжірибесі мол бірнеше мердігер мен жобалау ұйымдары тартылды. Құрылыс жұмыстарын «Бақ-береке-2030» ЖШС, «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС, «РиА-Сервис ЛТД» және «Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС секілді мердігер ұйымдар атқарса, жобалау және техникалық қадағалауға «GeoProKZ» ЖШС, «ҚазақЖобаҚұрылыс» ЖШС, «Казгоспроект» ЖШС, «СК Ризалит» ЖШС сынды бірқатар серіктестіктер жұмылдырылған. Техникалық қадағалауды «Altimus LTD» ЖШС жүзеге асырады.
Жобаларды іске асыру жұмыстары бүгінде басталып кетті. Әр мердігер компания өз жауапкершілігіндегі станцияларда құрылыс-монтаждау, жөндеу және абаттандыру шараларына кірісті. Вокзал маңындағы аумақтар да толық абаттандырылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалатын болады. Ең бастысы- бұл жұмыстардың барлығы жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Барлық құрылыс жұмыстарының тапсырыс берушісі – еліміздің басты көлік операторы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ. Жаңарту жұмыстары ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде аймақтағы теміржол инфрақұрылымын жаңаша деңгейге көтеріп, халыққа сапалы қызмет көрсетудің үлгісіне айналмақ.
Қорыта айтқанда, Қызылорда облысындағы теміржол вокзалдарын жаңарту – бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадам. Жаңа келбетке енген вокзалдар мен қызмет көрсету орындары ел тұрғындары мен қонақтарына жайлы сапар, сапалы қызмет пен заманауи инфрақұрылым сыйлайтын болады.
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-sayasat/press/news/details/991100?lang=kk
Добавить комментарий Отменить ответ