
«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды!
Біз-бақытты ұрпақпыз. Бүгінгі бақытты өмірге жеткеніміз Ұлы Отан соғысында елімізді қорғаған аға ұрпақтың, ардагерлеріміздің арқасы.
Осы бақытымызды, шаттық күндерімізді бағалай білейік!
Сол сұрапыл соғысқа қатысып, Ұлы Жеңісті алып берген әрі ерен еңбегімен соңынан өшпес із қалдырған әкелері мен аталары туралы Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қызметкерлерінің жазбаларын назарларыңызға ұсынамыз.
Мен атаммен мақтанамын.
Менің атам Орысбаев Құрманғали 1914 жылы Ақсу ауданы, Қарашілік ауылында дүниеге келген. Әкесі Орысбай етікші, анасы үй қызметімен айналысқан. Жалғыз әпкесі болған.
Ашаршылық уақытында әкесі қайтыс болып, анасы екі баланы ер жеткізген. Кейіннен анасы қызын ұзатып, келесі жылда ол да өмірден озады. Әпкесі Ащыбұлақ ауылында тұрған. Жалғыз қалған соң Құрманғали әпкесін сағалап 1931 жылы ашылған «Бұлан» совхозына келеді.
17 жасар жас жігіт осы ауылға жұмысшы болып орналасады. Сол кезде ауылға трактор сияқты техникалар енді келіп жатқан кез, елдің айтатыны, қызығатыны сол тракторлар. Естіген жаңалықты ойына түйіп алатын алғыр жігіт жас кезінен техниканы жақсы меңгеріп, 1932 жылдан бастап ҮТ3 тракторын жүргізеді.
«Бұлан» совхозынан 1936-1937 жылдары комбайнды игеру үшін Саратов қаласына оқуға жіберіледі. 1938 жылы оқуды бітіріп, өз ауылына келіп жұмыс жасайды. Сол жылы отбасын құрып Төлеуова Нұржамалға үйленеді. 1939 жылы мамыр айында ұлды болады.
1939 жылы әскерге шақырылып, әрі қарай Фин соғысына аттанады. Сол жақтан 1941 жылы неміс басқыншылары бастаған соғыс болып Құрманғали атам Киев қаласын қорғауға қатысады. Күз айларының бірінде төңіректі алаң жасаған немістер алға қарай жылжып кетеді. Сол мина алаңына тап болған совет әскерлер ротасы қырылып, тек 4 адам тірі қалған.
Олар өте ауыр жарақатталған, өз бетінше жылжи алмайды. Тек 4-ші күні ат арбамен жүрген санитарлар оларды тауып алып, сол маңдағы дала санитарлық бөлімге алып келеді. Совет әскері кері шегінгенде жаралы жауынгерлерді Астрахан қаласындағы госпитальға жеткізген. Жаралы әскерлер поездға тиеп, әрі қарай жылжиды. Аяқ қолдары құрттап кеткендерді үлкен легенге криомен араласқан сумен жуындырып, құрттарын өлтіріп емдеген екен. Осыншама зардап шеккен атамның «бір қолы, бір аяғы кемтар болып, бір құлағы естімей әрі қарай соғысуға жарамсыз», – деп танылып, соғыстан ауылға қайтарылады.
Содан кейін 332-қой совхозына келіп, комбайнер-тракторист болып жұмыс жасайды. Сол жылдары совхоз «Суықсай» етегінде болған. Кейінгі жылдары жаңа совхоз орталығы жоғары көшірілді. Сол совхоз Ақсу қой совхозы болып өзгерген.
Соғыс жылдары егін егіп, шаруашылықпен айналысқан. Құрманғали атам еңбек батыры еді.
Атам пенсияға шыққанға дейін сол совхозда еңбек етті. 1987 жылы 11-ші наурыз күні өмірден өтті. Үлкен жанұя болды, 4 ұл, 3 қыз бала өсіріп жеткізді. Барлықтарына жоғары білім алу үшін күш-жігерін аямай еңбек етті.
Осындай қиын заманда еліне үлкен қызмет жасап, бізді жеткізген Орысбайұлы Құрманғали атама алғысымыз шексіз…
Әжем Нұрланбекқызы Нұржамал тыл еңбектері 1916 жылы Матайда туған. 1999 жылы дүниеден өтті.
Соғыс кезінде «Қызыл отауда» жұмыс істеп, үгіт-насихат жүргізген. Сол кездегі хат танымайтын адамдарды оқытып, мұғалім болған.
Зауре Сабырбекқызы Орысбаева
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму,
инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі
министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті
Байланыс саласындағы тарифтерді талдау және
реттеу басқармасының басшысы

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/telecom/press/news/details/989651?lang=kk
Добавить комментарий