Қаратаудың құндылығы: Талас ауданында геопарк құрылмақ

Опубликовано:

Автор:

в категории

Жамбыл облысы Талас ауданында өткен халықаралық «Қызғалдақ мұра» фестивалі көрермендерді ерекше әсерге бөлеп, әсем гала-концертпен өз мәресіне жетті. Табиғат пен ұлттық мұраның үйлесімділігін айшықтаған бұл шара өңірдің рухани әлеуетін тағы бір мәрте танытты.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев фестивальдің Жамбыл жерінің бай табиғи байлығы мен тарихи-мәдени ерекшелігін паш еткенін атап өтті. Іс-шара аясында түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздар марапатталып, дәстүрлі «Қымызмұрындық» рәсімімен үздік сауыншылар анықталды.

Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстар да мерекеге көрік қосты. «Аударыспақ», «Қазақ күресі», «Қол күресі», «Қошқар көтеру», «Садақ ату», «Арқан тарту», «Асық ату», «Тазы жарысы» секілді ұлттық ойындардың үздіктері арнайы марапаттарға ие болды.

Фестивальдің шарықтау шегі – қызғалдақ өрнектерімен көмкерілген, аумағы 200 шаршы метрді құрайтын киіз кілемнің таныстырылымы болды. Бұл өнер туындысы Қазақстан рекордтар кітабына еніп, арнайы сертификатты Бақытжан Тастүлеков табыстады.

Сонымен қатар, қолөнер шеберлерінің көрмесі мен заманауи сән көрсетілімі де көпшіліктің назарын аударды. Дизайнерлер қазақы ою-өрнек пен қызғалдақ бейнелерін шебер үйлестіріп, аймақтың мәдени мұрасын жаңаша қырынан көрсетті.

Фестивальге қатысқан Нидерланд Корольдігінің ауыл шаруашылығы кеңесшісі Ари Велдхаузен екі ел арасындағы табиғат пен мәдениетке деген сүйіспеншіліктің ортақ көпірге айналғанын атап өтіп, мұндай бастамалардың халықаралық ынтымақтастыққа тың серпін беретінін жеткізді.

«Қызғалдақ мұра» фестивалі Кіші Қаратауда геопарк құру және өңірдегі сирек кездесетін Грейг, Кауфман, Регель қызғалдақтарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне енгізу идеясын қолдаудың маңызды алаңына айналды. Бұл жоба табиғатты қорғауға ғана емес, аймақтың туристік әлеуетін арттыруға да жол ашпақ.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-zhambyl/press/news/details/989024?lang=kk


Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *