КЕЛЕСТЕ ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Келес ауданының 28 – гвардия елді мекенінде дәрігерлік амбулатория ел игілігіне пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев қатысып, жұртшылықты құттықтады.
– Бүгінде өңірімізде денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Соған сәйкес медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту үшін ауданда кешенді шаралар қабылдануда. Алдағы уақытта да денсаулық сақтау саласын дамыту, мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету мен сала мамандарының біліктілігін арттыруға ерекше басымдық берілетін болады, – деді Даурен Сариев.
Жаңа нысан бүгінде науқастарға сапалы, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін заманауи құрал-жабдықтармен жасақталған. Айта кетейік, Бірлесу ауылдық округіне қарасты 28-гаврдия ауылында 1 890 адам тұрады. Амбулаториялық емхана бір мезетте 50-60 адамды қабылдауға қауқарлы. Дәрігерлік амбулаторияда 10 медициналық маман жұмыспен қамтылған.
(с) Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/981557?lang=kk
Добавить комментарий Отменить ответ