КЕЛЕСТЕ АЛАМАН АЙТЫС ӨТТІ

Опубликовано:

Автор:

в категории
КЕЛЕСТЕ АЛАМАН АЙТЫС ӨТТІ
Келес ауданының орталығы Абай ауылында Жарқынбек Наушабековті еске алуға арналған «Жыр жүйрігі – Жарқынбек» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Келес ауданының әкімдігі ұйытқы болған іс-шараға қатысушылар отты жырымен, өткір сөзімен есімі ел жадында қалған Жарқынбек Наушабековті еске алды. Сахнаға шыққан саңлақтар Ұлы Жеңістің – 80 жылдық, еліміздегі маңызды конституциялық құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясының – 30 жылдық айтулы белестерін жыр арқауына айналдырды.
Марқұм Жарқынбек ақынның кіндігі байланған, атақоныс – алтын бесігі болған, тағдыр жолы түзіліп, маңдай тері сіңген мекенге табан тіреген жыр жүйріктерінің қатарында Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Анар Жаппарқұлова, Нұрмат Мансұров, Нұрлыбек Мейірманов, Нұрғали Әнапия, Аяз Ниязбек, Исламхан Мұхамедхан, Ахметрасул Баянбай, Нұрдәулет Өмірбек сынды өнері елге белгілі дүлдүлдер болды.
Көрерменнің көзайымына айналған сөз зергерлері халыққа өрнекті өлеңдерін арнап, көрнекті ойларын ортаға салды.
«Жыр жүйрігі Жарқынбек» атты аймақтық ақындар айтысын түйіндеу сәтінде Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, қазылар алқасының құрамы сөз алып, ақындарға алғыстарын білдірді, мазмұнды іс-шара тұрақты жалғасатын табатынына сенім білдірді. Ұйымдастыру алғасының шешімімен бес аталым бойынша тағайындалған арнайы жүлделер төмендегіше бөлінді.
Тәушен Абуова атындағы арнайы жүлде – Нұрлыбек Мейірмановқа, Әселхан Қалыбекова атындағы арнайы жүлде – Исламхан Мұхаммедханға, Қалдыбек Әліқұлов атындағы арнайы жүлде – Әнапия Нұрғалиға, Түркістан облысы мәдениет басқармасының арнайы жүлдесі – Аян Ниязбекке және Келес ауданы әкімінің арнайы жүлдесі – Нұрдәулет Өмірбековке бұйырды.
Сонымен қатар аймақтық ақындар айтысының үшінші орын иегерлері ретінде Анар Жаппарқұлова мен Ахметрасул Баянбай аталса, Нұрмат Мансұров екінші орынға лайық деп танылды. Ақындар айтысының бірінші орын иегері Бекарыс Шойбеков атанды. «Жыр жүйрігі Жарқынбек» атты аймақтық ақындар айтысының бас жүлдесін Айбек Қалиевке Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев табыстады.
(с) Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/981556?lang=kk


Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *