КЕЛЕС: ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ ӨҢДЕУ ЖҰМЫСЫНА 447 АДАМ ТАРТЫЛАДЫ
Келес ауданында биыл 88 мың 640 гектар аумаққа ауыл шаруашылығы зиянкестеріне қарсы өңдеу іс-шарасы жоспарланған. Оған 17 жұмысшы топ құрылып, 447 адам жұмылдырылмақ. Бұл туралы Түркістан облысының табиғат қорғау және табиғи ресурстарды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиев Келес ауданында өткен жиында мәлімдеді.
– Мамандар ауа райының қолайлылығына байланысты шегіртке дернәсілдері сәуір айының алғашқы онкүндігінде шығады деп жоспарлап отыр. Сондықтан облыста алдын ала дайындық жұмысы басталып, шаруалар сайманын сайлап жатыр. Облыс бойынша 65 жұмысшы тобы құрылып, химиялық заттар алынған. Түркістан облысында шегітке зиянкесіне қарсы залалсыздандыру жүргізетін жұмысшы топтың бірі Келес ауданындағы Бекбота елді мекенінде орналасады, – деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, үйірлі марокко және саяқ шегірткесі зиянкестерінің алдын-алу және химиялық өңдеу жұмыстары Келес ауданындағы Жамбыл, Бозай, Бірлік, Ақтөбе, Ошақты, Біртілек және Қошқарата ауылдық округтерінің аумағында жүргізіледі. Биыл шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына жергілікті әкімдіктерден 190 анықтаушы тартылу жоспарлануда.
(с) Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/981546?lang=kk
Добавить комментарий Отменить ответ