
КЕЛЕС: КӨРІКТІ АУЛА – ЖАЙЛЫ ТҰРМЫС
Халықтың өмір сүру сапасын арттыру – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты міндет етіп қойған тапсырмаларының бірі. Бұл бағытта облыс әкімі Нұралхан Көшеров те өңір басшыларына нақты тапсырмалар беріп, әрбір ауданның дамуын тікелей бақылауда ұстап отыр.
Осы тапсырмалар негізінде Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан орталығындағы көп қабатты тұрғын үйлерді аралап, абаттандыру, инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындардың өзекті мәселелерімен жақын танысты.
Аудан әкімі көпқабатты үйлер ауласын аралап, тұрғындармен жүздесті. Әңгіме барысында тұрғындар аулалардағы жарықтандырудың әлсіздігін, балалар ойын алаңдарының тозғанын, көлік қоятын орынның жетіспейтінін және көше тазалығы мен қоқыс шығару сапасының төмендігін ашық айтты. Әкім бұл мәселелерді кейінге қалдырмай, кезең-кезеңімен шешілетінін нақтылады. Қазіргі таңда бірнеше аулада жөндеу және көріктендіру жұмыстары басталып та кеткен.
Аудандағы өзекті мәселелердің бірі – жауын-шашыннан кейінгі суға толатын ойпатты жерлер. Жәнібек Есенұлы бұл аймақтарды аралап, мәселенің мән-жайын өз көзімен көрді. Нақты тапсырма ретінде осындай су жиналатын аймақтарға шұғыл түрде шағал төсеу жұмыстарын бастап, екі күннің ішінде аяқтауды жауапты мекемелерге жүктеді. “Халық күнде жауын сұрамайды, бірақ жауған күні балшық кешіп, су кешу – елге жасалған құрмет емес,” – деп атап өтті әкім.
Кездесу барысында аудан басшысы барлық тиісті бөлім басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, тұрғындардың талап-тілегін есепке ала отырып, әрбір аула бойынша инфрақұрылымдық түйткілдерді жүйелі шешу, көше жарықтарын толық іске қосу, арықтарды тазалау және жауын суына төзімді жабын төсеу жұмыстары тапсырылды.


Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/981568?lang=kk
Добавить комментарий