
КЕЛЕС ХАЛҚЫ ЗИЯНКЕСТЕРГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСІП ЖҮРГЕН МАМАНДАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТУДЕ
Келес ауданында егістік алқаптарын шегіртке зиянкестерінен қорғау жұмыстары жүйелі түрде қолға алынған. Ауыл шаруашылығы саласының мамандары ыстыққа қарамастан, күн сайын далалық жерлерде күрделі әрі жауапты жұмыстарды атқаруда. Олар арнайы техника мен дәрі себетін құралдарды қолданып, зиянкестердің таралуының алдын алуға күш салып жатыр.
Алайда мұндай шаралар адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Себебі қолданылатын химиялық препараттардың иісі мен құрамы тыныс жолдары мен ағзаға кері әсер етуі ықтимал. Осы тұста жергілікті тұрғындар шет қалмай, өздерінің адамгершілік пен жанашырлыққа толы қолдауын көрсетіп отыр. Ауыл жұрты дәрі сеуіп жүрген мамандарға айран, ағарған сияқты сүт өнімдерін ұсынып, уланудың алдын алуға үлес қосуда.
Халық арасында “Айран – уға қарсы қорған” деген ұғым бұрыннан бар. Бұл түсінік бүгінгі күннің шындығына айналды. Дәрігерлер де бұл пікірді жоққа шығармайды. Айран мен сүт өнімдері ағзадан зиянды заттарды шығарып, ішкі мүшелердің қорғанысын күшейтеді. Демек, тұрғындар тарапынан көрсетіліп жатқан мұндай қамқорлық – жай ғана дәстүрлі қонақжайлылық емес, нақты көмек пен қауіпсіздік шарасы.
Халық пен мамандардың мұндай өзара түсіністігі мен бірлігі – ауыл тіршілігінің мызғымас тірегі. Қауіпті науқанда ел болашағы үшін қызмет етіп жүрген азаматтарға көрсетілген қарапайым, бірақ мағыналы қолдау – шын мәнінде үлгі етуге тұрарлық жағдай. Келестегі бұл бастама тек бір ауданның емес, барша ауыл халқына ортақ рух пен жауапкершіліктің айқын көрінісі деуге болады.


Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/981575?lang=kk
Добавить комментарий