КЕЛЕС АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ АЗАМАТТАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАДЫ
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан тұрғындарын жеке қабылдап, олардың талап-тілегіне құлақ асты. Қабылдауға алдын ала тіркелген 5 азамат қатысып, өзекті мәселелерін ашық жеткізді.
Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан әртүрлі бағыттағы ұсыныстар мен өтініштер көтерілді. Атап айтқанда, жұбайының денсаулығына байланысты емделу мәселесін шешуге жәрдем сұраған азаматтың өтініші тыңдалып, тиісті мекемелерге жолданатыны айтылды.
Қошқарата елді мекенінің тұрғыны бос жатқан жер теліміне саябақ, демалыс орны, спорт кешені және жүгіру жолақтарын салу жөнінде бастама көтерді. Бұл ұсыныс ауданның инфрақұрылымын дамытуға бағытталған игі бастама ретінде қаралып, жобалық жоспарлау жұмыстары жүргізілетіні жеткізілді.
Сонымен қатар, қабылдау барысында ауыз су тапшылығы, жеке тұрғын үйге жапсарлас орналасқан 0,05 га жер телімін жеке теңгерімге алу мәселелері де қозғалды. Әкім бұл мәселелердің заң аясында қаралатынын және тиісті бөлімдер тарапынан зерттеліп, нақты шешім қабылданатынын айтты.
Жәнібек Ағыбаев тұрғындардың әрбір өтінішін мұқият тыңдап, азаматтардың мәселелерін шешу – жергілікті биліктің басты міндеті екенін атап өтті.
Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/981569?lang=kk
Добавить комментарий Отменить ответ