
КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЖАҢА МӘДЕНИ НЫСАНДАР БОЙ КӨТЕРУДЕ
Келес ауданында әлеуметтік-мәдени бағыттағы құрылыс жұмыстары қарқын алып келеді. Аудан орталығы — Абай ауылында және Жүзімдік ауылдық округінде халыққа маңызды үш нысанның құрылысы басталды. Бұл жобалар тұрғындардың рухани, мәдени, білім беру қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтермек.
Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев Абай ауылында салынып жатқан музейдің құрылыс алаңына арнайы барып, нысанның қазіргі жағдайымен танысты. Музей құрылысының мердігері — «Намыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы басталып, 2026 жылы толықтай аяқталуы жоспарлануда. Қазіргі таңда ғимараттың іргетасын қалау үшін жер қазу жұмыстары жүргізілуде.
— Бұл тек құрылыс қана емес, өткен мен бүгінді, тарих пен болашақты жалғайтын алтын көпір. Музей — ұлттың жады, халықтың құнды қазынасы. Мұндай нысан аудан тұрғындарына ғана емес, болашақ ұрпаққа да рухани азық болары сөзсіз, — деді аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев құрылыс алаңында сөйлеген сөзінде.
Музейден бөлек, Абай ауылында Асан Қайғы көшесінің бойында жаңа буынды дамыту орталығының да құрылысы басталды. Бұл орталық – балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін шыңдап, қосымша білім алуына мүмкіндік беретін заманауи кешен болмақ. Онда түрлі үйірмелер, курстар, IT және робототехника бағытындағы сыныптар ашу жоспарланып отыр.
Үшінші ірі нысан — Жүзімдік ауылдық округінде бой көтеретін 149 орындық мәдениет үйі. Ауыл тұрғындары үшін бұл — көптен күткен қуаныш. Жаңа мәдениет үйі түрлі мәдени шаралар мен мерекелердің, концерттердің орталығына айналмақ. Сонымен қатар, бұл ғимаратта кітапхана, көрме залы, би және музыка студиялары да жұмыс істейтін болады.


Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/981570?lang=kk
Добавить комментарий