
Шардара ауданының ресми түрде құрылғанына 60 жыл толған мерейлі датаны аудан жұртшылығы жоғары деңгейде атап өтуде. Аудан әкімі Арман Қарсыбаев бастаған топ Абай алаңындағы «Шежіре» ауылын және ретрокөліктер мен тарихи жәдігер бұйымдар көрмесін тамашалап, ауыл шаруашылығы саласында лизинг бойынша алынған жаңа техникалардың көрмесін аралады.
Қала мен ауылдардан жиналып, бірдей ұлттық үлгіде киінген 60 келін мерекеге келген ел ағаларына бірдей иіліп сәлем салып, ізет көрсеткендері өте жарасымды шықты. Сонымен бірге «Қасиет» орталығының ақ жаулықты әжелер
қауымы 60 құрақ көрпе тігіп, қолөнерлері мен мерейтойға арнайы жасаған таба нандарын көрсеткені әсіресе жас ұрпаққа үлгі-өнеге болды деп айта аламыз.
Абай алаңында мектеп оқушылар флешмоб ұйымдастырса, аудандық мәдениет сарайында Шардара тарихынан сыр шертетін ретро көрмелер қойылды.
Ретро үлгідегі көліктерден бөлек, ретро дүкен, бөлме, мектеп үстелдері мен тарихи бұйымдар паш етілді. Сондай-ақ, бүгінгі күні Шардара ауданының брендыне айналған Шардара СЭС-ның, «Хамит» АӨК балық зауыты мен «Шардара Армспорт» клубының тарихынан сыр шертер көрме көрсетіліп, келген қонақтар дән риза болды. Мұнан кейін, шара аудандық мәдениет сарайында жалғасып, ең алдымен Шардара ауданының кешегісі мен бүгіні жайлы қысқаша тарихи бейнеролик көрсетілді. Мерейтойға жиналған қауымды аудан әкімі Арман Қарсыбаев құттықтады.
Аудан әкімінің ыстық лебізінен соң «Шардара: 60 жыл-60 белес» мерейтойлық кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Оған туынды авторы Сабит Лаханов сахнаға шығып, кітапты таныстырды. Сонда жаңа кітаптың салтанатты түрде лентасы қиылды.
Арман Романұлы Шардараның өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосқан еңбек ардагерлері мен еңбек сіңіріп жүрген бірқатар тұлғаларға, мерекелік «Шардара ауданына 60 жыл» төсбелгісімен марапаттады.
Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев құттықтау сөз сөйлеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан және қосып жүрген бір топ азаматтарға мерекелік төсбелгі табыс етті.
Мәдениет үйіндегі кеште бір топ өнерпаздар әннен шашу шашты. Өлкемізде өнерді өрге сүйреп, қазіргі таңда еліміздің бас сахналарында талантарын шыңдап жүрген мәдениет майталмандары аз емес. Солардың бірқатары Шардараның киелі топырағынан нәр алып, көгіне аунап, көліне шомылып өскен, өнерлі жерлесеріміз Мөлдір Бақытжанқызы, Асқар Жайлаубаев, Азамат Алиакбар, Бақберген Омаров, Айзада Асылхан және Ахмет Молдағұлов сынды әнші жерлестеріміз өнер көрсетіп, Шардараның 60 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/975239?lang=kk

Добавить комментарий