
Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен белгілі исламтанушы, PhD доктор, доцент Қ.Құрманбаев пен М.С.Нәрікбаев атындағы университеттің «Ислам және қазақ құқығы орталығының» басшысы А.Сабдин Атырау қаласына арнайы келді.
Дін ғалымдарының алғашқы жиыны Атырау облысы ҚАЖ Департаментіне қарасты №15 ерлер түзету мекемесінде өтті. Ғалымдар «Дәстүрлі рухани құндылықтар діни тұрақтылықтың тетігі» тақырыбында жазасын өтеушілермен кездесті. Бұл кездесу діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу мақсатында ұйымдастырылды және жазасын өтеушілердің арасында діни тұрақтылық пен бейбітшілікке негізделген рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталды.
Кездесуде исламтанушы ғалымдар дәстүрлі ислам құндылықтарының, атап айтқанда, адамгершілік, әділеттілік, сабыр мен құрмет сияқты қағидалардың маңыздылығын атап өтті. Діннің шынайы мәнін, исламның бейбітшілік пен келісімге негізделгендігін түсіндіріп, қоғамда діни тұрақтылықты қамтамасыз етудің жолдарын көрсетті.
Ауқымды іс шара негізінде 120-ға жуық жазасын өтеуші қамтылды.
Сондай-ақ, М.С.Нәрікбаев атындағы университеттің «Ислам және қазақ құқығы орталығының» басшысы, исламтанушы А.Сабдин №79 әйелдер түзету мекемесінде «Жусан» операциясымен елге оралған 7 жазасын өтеушімен жеке кездесті.
Кездесуде жазасын өтеушілер өз сұрақтарын қойып, діни білімдерін толықтыру мақсатында кеңес алды.
Аталған іс-шаралар жазасын өтеушілердің діни сауатын арттыру үшін, түзету мекемелерінде діни радикализацияның алдын алу үшін маңызды қадам болып табылады.
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/antiterrosticheskiy-centr/press/news/details/969301?lang=kk

Добавить комментарий