
ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ – НАУРЫЗ !
Аудан орталығындағында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты мерекелік іс-шара жоғары деңгейде аталып өтті. Көктемнің шуағын, табиғаттың жаңаруын, халықтың ынтымақ-бірлігін дәріптеген думанды шараға аудан тұрғындары мен қонақтары жиналып, ұлыстың ұлы күніне арналған думанды кештің куәсі болды.
Мерекелік шара Наурыз керуені атты ерекше композициялық қойылыммен басталды. Көштің басында ақ түйеге мініп, Қыдыр ата мен Жер-ана көрініс тапты. Олардың соңынан ұлттық салт-дәстүрдің символына айналған көш керуені – аттылар, құсбегілер, тазы жетектеген аңшылар, ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдар, өнерпаздар, спортшылар, дәрігерлер мен ұстаздар жүріп өтті. Бұл көрініс – табиғаттың жанданып, көктемнің келуімен бірге халықтың бірлік пен татулықта өмір сүруін бейнеледі.
Керуен сахна алдына жеткен соң, көрісу амалы көрсетілді. Мұнда халықтың бір-біріне ақ тілектер айтып, жылы лебіз білдіру дәстүрі айшықталды. Сонымен қатар, күн мен түннің теңелуі, тіршіліктің жаңаруы театрландырылған көріністер арқылы бейнеленді.
Салтанатты шарада аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов, аудандық мәслихаттың төрағасы Имангелді Түймебаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағдат Қалаубай тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Олар өз сөзінде Наурыздың тек мереке ғана емес, ынтымақ пен берекенің, жаңару мен жақсылықтың бастауы екенін атап өтті.
Сонымен қатар жұмысшы мамандықтары жылына орай, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және қоғамдық қызметтегі белсенді еңбегі бірқатар азаматтар марапатталды.
Бұл күн аудан тұрғындары үшін ұмытылмас әсерге толы болды. Наурыз – тек ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеу ғана емес, елдің бірлігі мен татулығын нығайтатын ерекше мереке.
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Наурыз құтты болсын
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-baidibek-audany/press/news/details/961558?lang=kk

Добавить комментарий