Абай облысының Үкілі ауылы – «Алкогольсіз ауыл» мәртебесіне ие болды

Опубликовано:

Автор:

в категории

Жарма ауданының Үкілі ауылы тұрғындарының ауызбіршілігі мен ортақ жауапкершілігінің нәтижесінде ресми түрде «Алкогольсіз ауыл» мәртебесін иеленді. Бұл – ауыл халқының қоғамдық тәртіпті нығайтуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және өскелең ұрпаққа өнегелі орта қалыптастыруға бағытталған бірлескен еңбегінің нақты жемісі.

Шамамен 51 тұрғыны бар, 17 шаңырақтан тұратын Үкілі ауылы бүгінде татулық пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Ауыл тұрғындары алкоголь өнімдерінен саналы түрде бас тартып, қауіпсіз әрі тыныш қоғамдық орта қалыптастыруға өз үлестерін қосуда. Бұл бастама тек құқық бұзушылықтың алдын алуға ғана емес, отбасы құндылықтарын дәріптеуге, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және ауылдағы береке-бірлікті одан әрі нығайтуға бағытталған.

Осыған орай ұйымдастырылған кездесуде Жарма ауданы полиция бөлімі Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Берикболов Дархан Мейрамғазыұлы тұрғындармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарын сақтау мен қоғамдық қауіпсіздіктің маңыздылығына тоқталды.

Берикболов Дархан Мейрамғазыұлы:

«Қоғамдық қауіпсіздік – әр азаматтың жауапкершілігінен басталады. Алкогольден бас тарту – құқық бұзушылықтың, тұрмыстық жанжалдардың және басқа да келеңсіз оқиғалардың алдын алудың тиімді жолдарының бірі. Үкілі ауылының тұрғындары бірлік пен ынтымақтың арқасында өзгелерге үлгі боларлық маңызды қадам жасады. Осындай игі бастамалар ауданымыздың өзге елді мекендеріне де оң әсерін тигізетініне сенемін.»

Аталған игі бастамаға Үкілі ауылының әкімі Бердыкенов Аскербек Александрович қолдау білдіріп, ауыл халқының ұйымшылдығына жоғары баға берді.

«Бұл жетістік – бір ғана адамның емес, бүкіл ауыл тұрғындарының ортақ еңбегінің нәтижесі. Біз үшін ең басты құндылық – халықтың амандығы, балаларымыздың жарқын болашағы және ауылымыздың тыныштығы. Осы бағыттағы бірлігімізді сақтап, алдағы уақытта да салауатты өмір салтын бірге насихаттай береміз.»

Өз кезегінде ауыл тұрғындары да бұл бастаманың маңызын ерекше атап өтті.

Ауыл болып осы бастаманы бірауыздан қолдадық. Береке мен бірлік бар жерде тәртіп те, тұрақтылық та болады. Алдағы уақытта да ауылымыздың абыройын бірге көтеріп, осы игі жолдан айнымаймыз.»

«Алкогольсіз ауыл» бастамасы – қоғамдағы өзара сенім мен жауапкершіліктің, заңға құрметтің және ортақ мақсатқа жұмылған халықтың жарқын көрінісі. Үкілі ауылы бүгінгі таңда қоғамдық тәртіпті сақтау мен салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында өзгелерге үлгі боларлық деңгейге көтеріліп отыр.

 Бірлігі бекем елдің болашағы баянды. Үкілі ауылының бұл игі қадамы – қауіпсіз қоғам құру жолындағы маңызды белес.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1267647?lang=ru


Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *