
Шардара ауданында тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған екі жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аудан орталығында әлеуметтік дүкен мен қайырымдылық қоймасы, сондай-ақ Орталық базар аумағында орналасқан екі қабатты кәсіпкерлік ғимараты пайдалануға берілді.
Әлеуметтік дүкен жобасы «Ынтымақ жолы» қоғамдық қорының төрағасы Әзімхан Әріпхановтың бастамасымен жүзеге асырылды. Жобаны Шардара ауданында іске асыру мақсатында қор төрағасы Нуралиева Несибели Кележанқызымен ортақ келісімге келіп, аталған бастаманы қолдап, әлеуметтік дүкенді қажетті киім-кешекпен және тұрмыстық бұйымдармен қамтамасыз етіп, аудан тұрғындарын қайырымдылық шарасына белсенді қатысуға шақырды.
Әлеуметтік дүкен мен қайырымдылық қоймасы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға тегін киім-кешек пен тұрмысқа қажетті заттарды ұсынуға арналған. Сонымен қатар тұрғындар өздеріне қажет болмай қалған, бірақ пайдалануға жарамды заттарын арнайы қоймаға өткізу арқылы қайырымдылық жасауға мүмкіндік алады. Бұл бастама қоғамдағы өзара жанашырлық пен ынтымақты нығайтып, мұқтаж жандарға нақты қолдау көрсетуді көздейді.
Сондай-ақ Шардара қаласының Орталық базары аумағында жеке кәсіпкер Күлбай Танзура Жақыпқызының қаржысына салынған екі қабатты жаңа кәсіпкерлік ғимараттың ашылу рәсімі өтті. Заманауи талаптарға сай бой көтерген нысанда сауда және қызмет көрсету салаларына арналған бірнеше кәсіпкерлік орны қарастырылған.
Жаңа кәсіпкерлік нысанының іске қосылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының дамуына және халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына оң ықпал етеді.
Салтанатты рәсімдерге Шардара ауданы әкімінің орынбасарлары Төребеков Бейсенбай Тасболатұлы мен Каратунов Еркебұлан Абдугафурұлы, Шардара қаласының әкімі Жұмаділлаев Досбол Жүсіпұлы, Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Абдразахов Ерлан Әжімұханұлы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Таласов Бахытжан Амангелдіұлы, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер және аудан тұрғындары қатысты.
Сондай-ақ әлеуметтік жобаның жүзеге асуына және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев Арман Романұлының Алғыс хаты табысталды.
ІСонымен қатар, іс-шара барысында Шардара қаласының әкімі Жұмаділлаев Досбол Жүсіпұлы жаңа әлеуметтік жобаның жүзеге асуына үлес қосқан Нуралиева Несібелі Кележанқызын әлеуметтік дүкеннің ашылуымен құттықтап, өз атынан Алғыс хат беріп, құрмет көрсетті.
Жаңа нысандардың ашылуы – өңірде әлеуметтік қолдау мен кәсіпкерлікті қатар дамытуға бағытталған игі бастамалардың нақты көрінісі. Салтанат барысында нысан иелеріне кәсіптерінің өркендеп, халық игілігі жолындағы еңбектерінің жемісті болуына ақжарма тілектер айтылды.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1260452?lang=ru

Добавить комментарий