
Бүгін Шардара ауданында аудан прокуроры Әлі Алмас Ермекұлының төрағалығымен «Инвест керуен» жобасы аясында инвесторлар, кәсіпкерлер және шаруа қожалықтары төрағаларымен маңызды кездесу өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – кәсіпкерлік субъектілері мен ауыл шаруашылығы саласы өкілдерінің өзекті мәселелерін тыңдау, олардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды түсіндіру және заң аясында туындаған түйткілдердің шешу жолдарын қарастыру болды.
Жиын барысында шаруа қожалықтарының төрағалары күріш дақылын егу мен баптауға қатысты өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, минералды тыңайтқыштардың жеткізілуі мен қолжетімділігі жөнінде сауалдарын жолдады. Сонымен қатар аудандық орталық базар аумағындағы санитарлық тазалық мәселесі де күн тәртібіне шығарылып, тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін қолайлы орта қалыптастыру жөнінде пікір алмасу өтті.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Е. Қаратунов қатысып, көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталды.
Өз кезегінде аудан прокуроры Әлі Алмас Ермекұлы қатысушылар тарапынан қойылған барлық сұрақтарға заң талаптары аясында нақты әрі жан-жақты жауап беріп, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ашық диалог форматында өткен кездесуде шаруалар мен кәсіпкерлер көкейлеріндегі сауалдарын тікелей қойып, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Мұндай кездесулердің басты ерекшелігі – халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, кәсіпкерлік пен инвестициялық қызметтің дамуына кедергі келтіретін мәселелерді дер кезінде анықтап, олардың шешу жолдарын бірлесе қарастыруында.
Кездесу соңында аудан прокуроры Әлі Алмас Ермекұлы инвесторлардың, кәсіпкерлердің және шаруа қожалықтарының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау прокуратура органдары қызметінің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол мұндай ашық кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын жеткізіп:
«Кәсіпкерлер мен шаруалардың құқықтарын қорғау – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Кез келген мәселе бойынша прокуратура әрдайым ашық. Есігіміз де, қабылдауымыз да халық үшін қолжетімді. Заң шеңберінде әрбір азаматтың және әрбір кәсіпкердің құқығы қорғалады», – деп қатысушыларды өзара ынтымақтастыққа шақырды.
Осындай ашық әрі нәтижелі кездесулер Шардара ауданында кәсіпкерлік пен инвестициялық ахуалды жақсартуға, ауыл шаруашылығы саласының дамуына және қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға өз үлесін қоса бермек.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1247347?lang=ru

Добавить комментарий