«МЕКТЕБІМ, САҒАН МЫҢ АЛҒЫС!» – СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Опубликовано:

Автор:

в категории

Бүгін Отырар ауданындағы барлық білім беру ұйымдарында 2025–2026 оқу жылының аяқталуына арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты соңғы қоңырау салтанатты жиындары өтті.

Көксарай ауылындағы М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінде өткен мерекелік іс-шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, білім саласының ардагерлері, ұстаздар, ата-аналар және оқушылар қатысып, мектеп бітіруші түлектерге ақжарма тілектерін жеткізді.

Биыл аудан бойынша 848 оқушы мектеп бітіруші атанса, олардың қатарында «Алтын белгіге» үміткер 78, үздік аттестатқа үміткер 69 түлек бар. Салтанатты жиында мектеп табалдырығын алғаш аттаған күннен бастап білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлектерге ерекше құрмет көрсетілді. Алғашқы ұстаздары мен сынып жетекшілері ортаға шақырылып, мектеп қабырғасындағы жарқын сәттер еске алынды.

Мемлекеттік Ту енгізіліп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалғаннан кейін мектеп директоры А.Сыздықәлі оқу жылының қорытындысы бойынша баяндама жасады.

Жиында аудан әкімі Қайрат Жолдыбай сөз сөйлеп, түлектерді мектеп бітіруімен құттықтап, ел игілігі жолында қызмет ететін білімді де білікті азамат болуға шақырды. Сонымен қатар оқу мен қоғамдық жұмыстарда үздік нәтиже көрсеткен бірқатар ұстаздарға марапаттар табысталды.

Мерекелік жиын барысында түлектер ұстаздары мен ата-аналарына алғыстарын білдіріп, ән шырқап, мектеп вальсін биледі. Сондай-ақ «Білім – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын шежіре» атты дәстүрлі рәсімде білім шежіресі кітабы кейінгі буын өкілдеріне табысталды.

Іс-шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – мектеп туын 10-сынып оқушыларына тапсыру рәсімі мен соңғы қоңыраудың соғылуы болды. Бұл мектеп бітіруші түлектер үшін балалық шақпен қоштасып, жаңа өмірге нық қадам басудың символына айналды.

Салтанатты жиын соңында түлектер ұстаздарымен, сыныптастарымен және туған мектебімен қимай қоштасып, жарқын болашаққа сеніммен жол тартты.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/1228848?lang=ru


Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *