
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне арналған комиссия отырысы өтті. Жиынға құқық қорғау органдарының, білім және денсаулық сақтау саласы мен бөлім және мекеме басшылары, сондай-ақ ауылдық округтер мен кент әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша Созақ аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Нұрәділ Ерман баяндама жасады. 2025 жылы қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталып, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы жүргізілген шаралар, профилактикалық кездесулер мен білім беру ұйымдарымен бірлескен түсіндіру жұмыстары туралы кеңінен мәлімет берді.
Жиында жол қауіпсіздігі мәселесі де жан-жақты қаралды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және автожолдардың жай-күйін жақсарту бағытындағы жұмыстар туралы аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Аманов баяндады.
Отырыс қорытындысы бойынша аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе жастар арасында синтетикалық зиянды заттардың таралуының алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және салааралық өзара іс-қимылды күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-suzak/press/news/details/1187782?lang=kk

Добавить комментарий