
Көктемнің жаршысы, жаңару мен жасампаздықтың нышаны – әз-Наурыз мерекесі биыл Темір ауылында ерекше сән-салтанатымен аталып өтті. Ауыл тұрғындары үшін тағылымы мол бұл мереке тек табиғаттың түлеген шағын ғана емес, ұлттық рух пен дәстүр сабақтастығының айқын көрінісіне айналды.
Салтанатты жиынның шымылдығын Отырар ауданы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Төрехан Амантай Төреханұлы ашып, жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде Наурыз мейрамының халқымыздың бай мәдени мұрасын жаңғыртудағы, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызына тоқталып, барша тұрғындарға амандық, бақ-береке тіледі.
Мерекелік шара барысында сөз алған ауыл әкімі Ақарыс Жүсіпұлы да ауыл тұрғындарын әз-Наурызбен құттықтап, ел бірлігі мен татулығының арта беруіне тілектестік білдірді. Сонымен қатар, мерекені жоғары деңгейде ұйымдастыруға үлес қосқан азаматтарға ерекше алғыс айтып өтті. Атап айтқанда, мектеп бітіргендеріне 10 және 20 жыл толған түлектердің бастамасымен тігілген киіз үйлер мен жайылған ұлттық дастархан мерекенің ажарын аша түсті. Сондай-ақ ауыл мекемелерінің ұйымшылдығы мен белсенділігі көпшілікке үлгі болды.
Мерекенің көркін келтірген ұлттық нақыштағы киіз үйлер ауыл орталығында бой көтеріп, әр шаңырақта қонақжай қазақы дәстүр кеңінен насихатталды. Темір жалпы білім беретін мектебі, С.Әлиев атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектебі, «Ертөстік» және «Алпамыс» бөбекжай-бақшалары, сондай-ақ мектеп түлектері ақ дастархан жайып, келген қонақтарға наурыз көже, бауырсақ, қымыз секілді ұлттық тағамдардан дәм татқызды.
Мерекелік бағдарлама мазмұнды әрі әсерлі өтті. Сахна төрінде әншілер әсем ән шырқап, күйшілер күй күмбірлетсе, бишілер мың бұрала билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, қазақтың ұлттық ойындары ұйымдастырылып, ауыл тұрғындары мен жастар белсене қатысып, думанды шараның көркін қыздырды.
Наурыз мейрамының тәрбиелік мәнін тереңдете түсу мақсатында ұлттық салт-дәстүрлер кеңінен дәріптелді. Атап айтқанда, бесікке салу, тұсау кесу секілді ғұрыптар сахналанып, олардың мән-мағынасы жас ұрпаққа түсіндірілді. Бұл көріністер көрермендерге ерекше әсер сыйлап, ұлттық тәрбиенің маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.
Береке мен бірліктің, татулық пен ізгіліктің мейрамына айналған бұл күн ауыл тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Жүздерге күлкі үйіріліп, жүректерге жылылық ұялаған мереке көпшіліктің есінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ел аман, жұрт тыныш, ырыс-береке мол болғай!

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/1186960?lang=kk

Добавить комментарий