Түркістан қаласындағы Olympic center спорт кешенінде өткен XIII Азия чемпионаты қазақ күресінің жанкүйерлері үшін нағыз спорт мерекесіне айналғаны сөзсіз.
Екі күнге созылған чемпионатта ел құрамасының қоржынына 10 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль түсті.
Түркістан төрінде өткен бұл чемпионатта шетелдік спортшылары да төл күресіміздің өз мемлекеттеріндегі даму деңгейін паш етіп, Азия кеңістігінде қазақ күресінің беделін арттыра түсті.
Жалпыкомандалық есепте екінші орынға жайғасқан Өзбекстан құрамасы соңғы жылдары қазақ күресін жүйелі түрде дамытып келе жатқан елдердің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Олар Түркістанның боз кілемінде 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алып, командалық рухы мен дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетті.
Ерлер арасында 90 және 82 келі салмақ дәрежелерінде сайысқа түскен өзбек спортшылары – Достонбек Холмахмадов пен Шахром Махаматкаримовтың техникалық шеберлігі мен күрес мәдениеті жоғары деңгейде болғанымен, финалдық белдесулерде қазақстандық қарсыластарына есе жіберді.
Әйелдер құрамасының бірнеше өкілі финалға дейін сүрінбей жетіп, 56 келіде Нозигүл Холмирзаева, 65 келіде Муслимахон Ахмедова, 70 келіде Севинч Туракулова сынды балуан қыздар жеңістің биік тұғырынан көріне білді.
Жалпыкомандалық үшінші орынды иеленген Қырғызстан құрамасы да Азия чемпионатында өзіндік өрнегін көрсете білген елдердің бірі. Олардың еншісінде – 1 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль.
Ерлер арасында Дайыр Бейманжанов (55 кг) пен Ислам Камчибеков (66 кг) финалға дейін жетіп, қарсыластарына жоғары бәсекелестіктің үлгісін көрсетті. Ал әйелдер құрамасынан күміс медальге ие болған Бегай Бейшенаалы (60 кг) жеңіске деген шексіз құлшынысымен көзге түскен болатын.
Түркістан төріндегі Азия чемпионаты – қазақ күресінің халықаралық деңгейдегі бірлік пен достықтың символына айналғанының дәлелі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sport/press/news/details/1098280?lang=ru

Добавить комментарий