
Бүгін Шардара ауданында Республика күні мерекесіне арналған «Менің Отаным – Қазақстан» атты салтанатты жиын өтті.
Салтанатты шара барысында аудан әкімі Арман Қарсыбаев барша тұрғындарды Республика күні және Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуымен құттықтады.
«Құрметті аудан тұрғындары, қадірлі қауым!
Баршаңызды 25 қазан — Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – халқымыздың азаттыққа деген ұмтылысының жарқын көрінісі, тарихымыздың тағылымды беті. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы Декларация – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашқан маңызды тарихи құжат. Ол – халқымыздың өз тағдырын өзі шешуге жасаған батыл әрі тарихи қадамы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесінің қайтарылуы – ел тарихындағы осы күннің ерекше маңызын айқындап берді. Бұл мереке – еліміздің егемендігін, бірлігін және болашағына деген сенімін білдіреді.
Біз өткенге тағзым ете отырып, тәуелсіз еліміздің жеткен жетістіктерін мақтан етеміз. Бұл – баршамыздың бірлескен еңбегіміздің нәтижесі. Ендігі міндет – осы жетістіктерді еселеп, өркениетті, әділетті, қуатты Қазақстанды бірге құру.
Республика күні әрқайсымыздың жүрегімізге қуаныш пен үміт ұялатып, жаңа серпін берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын!» — деді аудан басшысы.
Салтанатты жиында Түркістан облысы әкімінің «Құрмет грамоталары» табысталып, сондай-ақ аудан әкімінің бастамасымен ардагерлерге арнайы дайындалған «Құрметті ардагер», «Шардара ауданына 60 жыл» мерекелік медальдары және аудан әкімінің алғыс хаттары берілді.
Мерекелік іс-шара соңы аудан өнерпаздарының әсем әндерімен, отансүйгіштік рухтағы шығармаларымен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1093437?lang=kk

Добавить комментарий