Алтай ауданында сүт фермалары салынып, сүт өндірісі артып келеді

Опубликовано:

Автор:

в категории

Алтай ауданында ауыл шаруашылығы саласында 2028 жылға дейін жалпы инвестиция көлемі 49,6 млрд теңгені құрайтын 7 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл туралы Алтай ауданының әкімі Ренат Курмамбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында мәлімдеді.

Негізгі бағыт — жалпы 5200 бас сауынды сиырға арналған алты сүт-тауар фермасын салу және жаңғырту. Аталған жобалардың жалпы құны – 42,3 млрд теңге, ал жыл сайынғы өнім көлемі 6,3 млрд теңгені құрайды деп күтілуде.

Флагмандық жобалардың бірі – Поляное ауылында 1075 басқа арналған сүт-тауар фермасының құрылысы. Бұл жобаны «Мойылды Байқоңыр» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Жоба жылына 6500 тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Чиркаин ауылында «Средигорненский-2» ЖШС Германиядан 95 жоғары өнімді симменталь тұқымды сиыр сатып алды. Биыл тағы 255 бас әкелінеді деп жоспарлануда. Осылайша, фермадағы мал басы 600-ге жетіп, жылына 2000 тонна сүт өндіруге жол ашылады.

Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде ауылдық жерлерде шамамен 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуын арттырып, табысын көбейтеді.

— Сүт өндірісінің дамуы өңдеуші кәсіпорындар, логистика, ветеринария және мал азығын өндіру сияқты салалардың да дамуына серпін береді. Сонымен қатар, ауданның азық-түлік қауіпсіздігі артып, ішкі нарықты табиғи өніммен қамту үлесі ұлғаяды, — деді Ренат Курмамбаев.

Жаңа фермалар заманауи агротехнологиялармен және техникалармен жабдықталады. Импорттық тұқымдар, автоматтандырылған азықтандыру және сауу жүйелері, сондай-ақ ресурсты үнемдейтін әдістер қолданылатын болады. Бұл өнім сапасын арттырып, сүттің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1014046?lang=kk


Комментарии

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *