
«Егіні біткеннің, қырманына қыдыр қонады» дейтін диқаншы қауым дала төсіне дән сеуіп, еңбек көркін қыздыра түсті. Ерте көктемнен егіс басында жүріп, ала жаздай тамшы тер төгіп, егіннің бітік шығуына жұмылатын шаруалардың қызметі қашанда құрметке лайық. Сондықтан жылдағы дәстүр бойынша «Дала күнін» атап өтіп, істің басында бата беріліп, игі жақсылар ізгі тілегін білдіреді.
Биыл жаңақорғандықтар дала еңбеккерлерінің мерейлі мерекесін Сунақата ауылдық округіндегі «Әмір» шаруа қожалығының танабында ұйымдастырды.
Алдымен жиналған қауым ауылшаруашылығы саласына қажетті соңғы үлгідегі құралдар мен түрлі минералды тыңайтқыштар көрмесімен танысты.
Диқан қауымға құттықтау сөзін арнаған аудан әкімі Мажит Самитов аудан көлемінде ауылшаруашылығы саласы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, бірқатар ауқымды істердің сала мамандары тарапынан жасалған ұйысқан тірліктің арқауы екендігін жеткізді.
– Сыр бойы халқының негізгі тіршілік көзі ауылшаруашылығы саласы. Оның ішінде Жаңақорған ауданы да бұл салаға бейім. Төрт түлік бойынша облыста озық ауданның егін шаруасы да ширақ. Тек су тапшылығы егіс, оның ішінде күріш көлемін көбейтуге мүкіндік бермей тұр. Бірақ бұл өтпелі кезеңді де еңсеріп, жақсы жетістікке жетеміз деген сенімдеміз. Бұйырса биыл да диқандардың еңбегі ақталып, өнім бітік шықсын. Ырысы мол болып, табысымыз артып, әлеуметтің әлеуеті арта түссін. Ең бастысы, судан таршылық көрмей, егініміз еңселі болсын, – деді аудан басшысы.
Осыдан кейін аудандық мәслихат төрағасы Жарқынбек Ғалымжан, ұзақ жылдар бойы Сунақата ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған еңбек ардагері Азия Кыстаубаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов бастаған ардагер ағаларымыз және ауыл әкімдері бас қосқан диқандар дала дидарына дән тастады.
Иә, Жер Ананы еміп, ала жаздай маңдай терін сарп еткен күрішші қауымның өнімі мол шығып, еткен еңбек ақталсын.

Источник : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-zhanakorgan/press/news/details/984312?lang=kk
Добавить комментарий